Главная - Новости - Тарихи өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту

Тарихи өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту

ХХІ ғасыр жаңарған, дамыған реформалар ғасыры болып тарих сахнасына енуде. Сондықтан оқу-ағарту, ғылым саласында жаңа реформалар жасалуда. Әр елдің ұлттық салт-дәстүрі терең зерттеліп, соны игеруге мол мүмкіндік туды.Қазақстан Республикасы 30 жыл ішінде әлем таныған ел болды. Қазіргі жастарға зор міндеттер жүктелді, білімді ұрпақ қажеттілігі туындады. Білімді ұрпақ тек үш тілде сөйлейтін ғана емес, сонымен қатар өз өлкесінің тарихын, оның ескерткіштерін біліп, сүйсінетін, оларды сақтап, қорғап, насихаттайтын ұрпақ. Сол себепті өткеннен қалған зор тарихи-мәдени құндылықтарымыз жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзіне айналуы тиіс. Ал тәрбие құралы ретінде мұражай жұмыстарын да қолдануға болады. Мұражай тарихқа деген қызығушылық туғызып, бұрынғының естелігін сақтауға ұмтылдырады. Осы мақсатта Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінің бірінші курс білімгерлері облыстық тарихи- өлкетану мұражайға  саяхатқа барды.

Мұражайға бару мақсатымыз білімгерлердің Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін қалыптастыру, танымдық белсенділігін дамыту және туған өлкенің тарихымен жақындастыру.

Тараз қаласында 1931 ж. ашылған  Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайы  - бұл адамзаттың естелік кітабы.  Мұражайда облыстың түкпір-түкпірінен әкелінген сирек кездесетін экспонаттардың мыңдаған коллекциялары жинақталған: фотоматериалдар, зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар, археологиялық олжалар, монеталар мен қару коллекциялары және түрлі уақыттағы өзге де жәдігерлер. Ондағы экспонаттар тірі және өлі табиғат, тарих және археология, этнография, тарихи оқиғалар залдарына жүйеленіп қойылған. Шынында да, бұл естелік кітабы, өйткені оларда жиналған құжаттар мен заттар өткен жылдардың естеліктерін сақтайды. Саяхатымыз қызықты да танымды өтті. Саяхат барысы алғашқы адамдардың еңбек және аң аулау құралдарынан құралған экспонаттармен танысудан басталды, саяхат жүргізуші білімгерлерді  Х.Алпысбаевтың ғылыми экспедиция нәтижесінде Қаратау тауларынан табылған тастан жасалған түрлі еңбек құралдарын көрді. Сондай-ақ, мұражайда қыштан жасалған әртүрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар, су құбырлары, шырағдандарды және де балбал тас мүсіндерін де тамашалады. Шыныдан, қоладан жасалған әртүрлі бұйымдар, өткен тарихтан сыр шертетін ою - өрнегі ерекше кірпіштердің сынықтарыменде танысты.

Өлкену мұражайы ол жай өткен мен бүгінгіні көрсетіп қана қоймайды, болашаққа да көз салуға мүмкіндік береді. Сондықтан да білімгерлерді өлкетану мұражайы мен таныстыру  өткеннің тарихи және мәдени, рухани құндылықтарына деген сыйластық сезімін қалыптастырады деп сенемін.

Тарих және география пәнінің оқытушысы

Тулебаева Аяулым